Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Қостанай облысының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді

Қостанай қаласында Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровтың өңірдің бизнес-қоғамдастығымен кездесуі өтті. Іс-шараны Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов ашты. Диалог алаңына модераторлық жасаған Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Дәулетпаев болды.

Кездесу барысында Арман Әбенов Қостанай облысының инвестициялық әлеуетіне тоқталды. 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 39,3 млрд теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба іске асырылды. 13 сүт-тауар фермасына 39,2 млрд теңге бағытталды, бұл сүт өндіру көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. 14,3 млрд теңге инвестиция салынған «Кондитерлік астана» жобасы өнім шығару көлемін 68 мың тоннаға дейін ұлғайтады.

Өңірдегі негізгі жобалардың қатарында: «KIA QAZAQSTAN» ЖШС — 131,5 млрд теңге (жылына 70 мың автокөлік өндіру, 1,5 мың жұмыс орны); «KAMLIT KZ» ЖШС — 238,7 млрд теңге (45 мың тонна құйма өндіру, 1,1 мың жұмыс орны); «TEHNOPARK KZ» ЖШС — 67,2 млрд теңге (60 мың жиынтықтауыш өндіру, 600 жұмыс орны); «ТЛК ТОБОЛ» ЖШС — 63,8 млрд теңге (жылына 11 млн тонна, 500 жұмыс орны).

Кездесуде бизнес үшін аса маңызды бірқатар мәселелер көтерілді. Қостанай облысының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің және Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығының төрағасы Александр Бородин аграршылардың ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобасының (ІШЖЖ) міндетті түрде болуы туралы талапқа байланысты елеулі қаржылық тәуекелдер мен айыппұл санкцияларына тап болып отырғанын атап өтті.

Аграршылар мен Қауымдастық сарапшыларының пікірінше, қымбат әрі көп уақытты қажет ететін ІШЖЖ жобасы қолда бар деректерді қайталайды, ұсынымдық сипатқа ие және жердің нақты пайдаланылу сапасын көрсетпейді. Ал өнімділіктің төмендеуі көбіне объективті табиғи факторларға байланысты болады.

ІШЖЖ-ның болмауы заңнама талаптарын тікелей бұзу болып саналады. Бизнес-қоғамдастық формалды сәйкессіздіктер үшін жер салығын 40 есеге арттырудың негізсіз екенін атап өтіп, нормативтік талаптарды қайта қарау жөнінде ұсыныстар пакетін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаған.

Сонымен қатар аграршылар жеңілдікті дизель отынының нормативін гектарына 15 литрден 60 литрге дейін ұлғайтуды ұсынады. Бұл жоғары маржалы дақылдардың қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ кеш жиналатын дақылдарды, мысалы, қараша-желтоқсан айларында жиналатын күнбағысты жинау кезеңіне арналған жеңілдікті қысқы дизель отынын бөлуді қарастыру, сондай-ақ мал шаруашылығы кәсіпорындары үшін отынды тікелей бөлу нормаларын бекіту ұсынылды.

Сонымен қатар Палата алаңында АӨК мәселелері жөніндегі салалық кеңес аясында Қауымдастық ауылдық жерлерде қызметкерлерге тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін аукцион өткізбестен беру тәртібін жеңілдету, жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау мөлшерін 5 млн теңгеден ұлғайту, сондай-ақ қымбат жобалау-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) орнына эскиздік жоба мен жеңілдетілген сметалық есеп негізінде субсидия беру мүмкіндігін қарастыру мәселелерін бірнеше рет көтерген.

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда мәселелері жөніндегі салалық кеңестің төрайымы Наталья Лапшина әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) реттеу мәселесін көтерді. ӘМАТ тізімі 19 позициядан 31 позицияға дейін кеңейтілген. Реттеу тауардың сорты, өңдеу деңгейі, қаптамасы және баға сегменті ескерілместен, бүкіл санатқа қолданылады. Мысалы, қаптамадағы жуылған картоп немесе қымбат, ұзақ уақыт жетілдірілген ірімшіктер базалық өнімдермен бір санатқа жатқызылады.

Бизнес тарапынан тізімде нақты сипаттамалары көрсетілген базалық тауарды (сорты, өңдеу деңгейі, қаптамасы, көлемі) нақтылап көрсету, сондай-ақ премиум және мамандандырылған тауарларды реттеу аясынан шығару ұсынылды. Сонымен қатар тізім өзгергенге дейін сатып алынған тауарларды өткізу тәртібін қарастыру және енгізілетін өзгерістерді бизнес өкілдерімен келісу ұсынылды. Кәсіпкерлер мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік қолдау көрсету тетігіне көшуді де қолдайды.

Бұдан бөлек, Наталья Лапшина әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) өзіндік құнына көлік шығындарын есепке алу мәселесіне назар аударды. Спикердің айтуынша, рұқсат етілген сауда үстемесі 15%-ды құрайды, алайда өңірдегі нақты логистикалық шығындар 17–27%-ға дейін жетеді (дистрибьюторға дейін жеткізу — 12–15%, облыс пен ауылдарға таратып жеткізу — 5–12%). Логистикалық шығындар сауда үстемесін толығымен «жеп қояды», ал температуралық режимді сақтайтын арнайы көлікті пайдалану залалды одан әрі арттырады.

Бизнес құжаттармен расталған көлік шығындарын (зауыттан қоймаға дейін және қоймадан дүкенге дейін) нақты өзіндік құн құрамына енгізуді және мамандандырылған көлікті (тоңазытқыш/жылыту жабдықтарын) пайдалануға жұмсалатын шығындарды есепке алуды ұсынады. Сонымен қатар 15%-дық сауда үстемесін құрамында логистикалық шығындар ескерілген өзіндік құннан есептеу маңызды.

Қостанай облысы Құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Ирина Викулова қосалқы мердігерлерді тарту кезінде туындайтын техникалық ақауларды жою мақсатында мемлекеттік сатып алулардың веб-порталының («ҚЭҚ» АҚ) жұмысына тиісті түзетулер енгізу қажеттігін атап өтті.

Проблемалық мәселелер «ашық микрофон» форматында талқыланып болғаннан кейін, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров бизнестің басқа салаларындағы өкілдердің сұрақтарына жауап берді.

Бизнес-омбудсмен Қостанай кәсіпкерлерінен келіп түскен барлық өтініштер мен ұсыныстардың жұмысқа алынғанын және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатынын атап өтті.

Жұмыс кездесуін қорытындылай келе, Бизнес-омбудсмен көтерілген мәселелерді екі негізгі санатқа — жергілікті және жүйелі мәселелерге бөлуге болатынын атап өтті.

 «Біздің басты міндетіміз — бизнестің қарқынды дамуына жағдай жасау. Ол үшін техникалық ақауларды жедел жою және кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін артық реттеушілік тосқауылдарды алып тастау қажет. Ережелер нақты, ашық әрі экономикалық тұрғыдан негізделген болуы тиіс, ал мемлекет адал инвесторлар мен өндірушілерге қолдау көрсететін сенімді серіктес болуы керек», — деп қорытындылады Қанат Нұров.

Фотоға сілтеме:
https://ombudsmanbiz.kz