Бизнес-омбудсмен бизнесті тексерудің цифрлық жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде Премьер-Министрге ұсыныстар енгізді

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров әкімшілік жүктемені азайту мақсатында автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде Премьер-Министрге ұсыныстар жолдады.

Ұсыныстар Мемлекет басшысының бақылау-қадағалау жүйесін жетілдіру бағытын іске асыру аясында әзірленді.

Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – «реттеуді басынан бастап қайта қарау» реформасы аясында көзделген ТБЖ.

2021 жылы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша Заң қабылданды. Реформаның негізіне мемлекеттік реттеуге тек адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, құқықтық тәртіп пен адамгершілікке қауіп төнген жағдайда ғана жол беріледі деген қағидат алынды.

Ақпараттық жүйелердің деректері негізінде кәсіпкерлерді тәуекел дәрежесі бойынша саралайтын, тексерілетін субъектілердің тізімдері мен тексеру кестелерін қалыптастыратын икемді автоматтандырылған ТБЖ енгізу көзделген болатын. Мұндай жүйе болмаған жағдайда заңнамада тексерулер мен бару арқылы профилактикалық бақылауды кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санының 5%-ынан асырмау жөнінде шектеу көзделген.

Алайда төрт жылдан астам уақыт өтсе де, реформаның негізгі тетіктерінің бірі әлі күнге дейін толық көлемде іске қосылған жоқ.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылға қарай автоматтандырылған шешімдер автоматтандыруға жататын 66 саланың тек 15-інде ғана енгізілген. Қалған 51 салада мұндай шешімдер жоқ. Сонымен қатар бақылауға жататын кәсіпкерлер саны туралы нақты әрі сенімді деректер жоқ. Бұл белгіленген 5 пайыздық шектеудің сақталуын объективті бағалауға мүмкіндік бермейді.

Қолданыстағы тәсілдерді қайта қарау қажеттігін Бас прокуратураның статистикасы да көрсетіп отыр. 2025 жылы бизнеске қатысты барлық тексерудің 92%-ы жоспардан тыс жүргізілген, ал бұзушылықтар анықталмаған тексерулердің үлесі 37%-дан 43%-ға дейін өскен. Бұдан бөлек, 1,5 мыңнан астам заңсыз тексеру анықталған.

Бақылау жүктемесінің бизнес санаттары арасында бөлінуінде де елеулі теңгерімсіздік байқалады.

Мәселен, 2025 жылы шағын кәсіпкерліктің 64 субъектісіне бір тексеруден келсе, орта кәсіпкерліктің бір субъектісіне орта есеппен 2,5 тексеруден, ал ірі кәсіпкерлік субъектісіне 4,8 тексеруден келген.

Осылайша, шағын кәсіпкерлік санатынан орта кәсіпкерлік санатына өткен кезде бір субъектінің үлесіне шаққандағы тексерулер қарқындылығы 150 еседен астам өседі. Бұл бизнестің өсуіне қосымша кедергілер туғызады.

Әкімшілік санкциялар бөлінісінде де теңгерімсіздік байқалады. Жалпы сомасы 96,4 млрд теңге айыппұлдың 60,3 млрд теңгесі немесе 63%-ы ірі бизнеске тиесілі.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 302 бабында айыппұлдар негізінен айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) белгіленген және кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай 2–4 есе ұлғайтылады. Бұл ретте компаниялардың табысы ондаған, тіпті жүздеген есе ерекшеленуі мүмкін.

Пайыздық мөлшерлемемен есептелетін айыппұлдар тек 23 бапта ғана көзделген. Оның үстіне, олардың мөлшерлемелері де бизнес санаттарына қарай сараланады. Яғни бизнес көлемі екі рет ескеріледі.

Қанат Нұров атап өткендей: «Әңгіме тексерулерді ірі бизнестен шағын және орта бизнеске ауыстыру туралы болып отырған жоқ. Мұнда теңгерімді сақтау қажет. Оған жаппай көшпелі тексерулерден деректерге негізделген цифрлық бақылауға, яғни толыққанды жұмыс істейтін автоматтандырылған ТБЖ-ға көшу арқылы ғана қол жеткізуге болады».

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, мәселе тек автоматтандыру деңгейінің жеткіліксіздігінде ғана емес, сонымен қатар тәуекелдерді бағалаудың бірыңғай ғылыми негізделген әдіснамасының жоқтығында. Мұндай әдіснама болмаса, цифрландырудың өзі мемлекеттік бақылаудың объективтілігін қамтамасыз ете алмайды.

Осыған байланысты Бизнес-омбудсмен кеңсесі Премьер-Министрге мынадай ұсыныстар енгізді:

  1. Тәуекелдерді бағалау қағидаттарын, дереккөздерін, тәуекел бейіндерін қалыптастыру тәртібін, деректер сапасына қойылатын талаптарды және бақылау субъектілерін іріктеу тетіктерін айқындайтын автоматтандырылған ТБЖ-ның бірыңғай әдіснамасын әзірлеу.
  2. Кәсіпкерлерге әкімшілік қысым көрсету деңгейі ең жоғары салалардан бастап, бірыңғай цифрлық ТБЖ-ны кезең-кезеңімен енгізу.
  3. ТБЖ критерийлерінің ашықтығын қамтамасыз ету, оның ішінде оларды, сондай-ақ тәуекел модельдерінің салмақтық коэффициенттерін ашық қолжетімділікке жариялау.

Ұсынылған шараларды іске асыру тәуекелдерді объективті бағалауға негізделген мемлекеттік бақылау жүйесіне көшуге мүмкіндік береді.

Хатқа сілтеме