ЭЫДҰ Қазақстандағы Бизнес-омбудсмен институтының табысты тәжірибесін атап өтті
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында он жылдан астам тәжірибесі бар Қазақстанның Бизнес-омбудсмен институты шетелдік әріптестер үшін үлгіге айналды. Бұл туралы 2026 жылғы 10 қарашада Литва тарапының бастамасымен Қазақстанның Бизнес-омбудсмені Қанат Нұровпен өткен онлайн-кездесу барысында Литваның Бизнес-омбудсмені Александр Радченко мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Литвада алғаш рет Парламенттік бақылаушылар қызметінің құрамында жұмыс істейтін Бизнес-омбудсмен тағайындалды. Жаңа институттың қалыптасу кезеңінде Литва тарапы Қазақстанға тәжірибе алмасу және кәсіпкерлерді қорғаудың барынша тиімді тетіктерін талқылау жөнінде ұсыныс жасады.
Александр Радченко атап өткендей, Қазақстанның моделіне деген қызығушылық, оның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Қазақстан институтының қызметіне берген оң бағасына байланысты.
«Әрине, сіздердің тәжірибелеріңіз бізден әлдеқайда мол. OECD да сіздерді өз салмағы, тәжірибесі, қызметі және табысты тарихы бар институт, мекеме ретінде үлгі етіп көрсетеді», – деп атап өтті Литваның Бизнес-омбудсмені.
Кездесу барысында Қанат Нұров кәсіпкерлікті қорғаудың тұжырымдамалық тәсілдерін және Қазақстандағы Бизнес-омбудсмен институты моделінің ерекшеліктерін таныстырды. Қазақстандық модельдің бірегейлігі – Бизнес-омбудсмен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп бере отырып, сонымен қатар «Атамекен» ҰКП жүйесіне кіреді және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саясатын айқындауда ұйымдық тәуелсіздігін сақтайды.
Сонымен қатар, Бизнес-омбудсменнің негізгі ұстанымы – қызмет ауқымына қарамастан, барлық кәсіпкерлердің құқықтарын тең дәрежеде қорғау. Бизнестің құқықтары әмбебап сипатқа ие және кәсіпорынның көлеміне қарай бөлінбеуге тиіс. Алайда кәсіпкерлік қоғамдастықтың негізін құрайтын шағын және орта бизнес құқық қорғау институттарының ерекше назар аударуын қажет етеді.
«Бұл – экономиканың негізі, орта таптың негізі, сондай-ақ, түптеп келгенде, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің негізі», – деді Қ. Нұров.
Ол сондай-ақ бизнестің құқықтарын қорғау жөніндегі әзірленген Стратегия туралы айтып, оның жекелеген өтініштерді қараудан кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуына әкелетін жүйелі себептерді анықтау мен жоюға көшуді көздейтінін атап өтті.
Мұндай жұмыстың негізгі құралдарының бірі – реттеушілік апелляция. Бұл тетік Бизнес-омбудсменге кәсіпкерлердің құқықтарын бұзатын нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау мәселесін Мемлекет басшысының алдына қоюға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Қазақстанның құқықтық реформасының маңызды жетістіктерінің біріне айналған әкімшілік әділетті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Оның басты артықшылығы – әкімшілік дауларды қарау кезінде қабылданған шешімдердің заңдылығын дәлелдеу міндеті мемлекеттік органдарға жүктеледі.
Сонымен бірге, кәсіпкерлерді құқықтық қорғаудың тиімділігін одан әрі арттыру үшін Бизнес-омбудсмен кеңсесі лауазымды тұлғалардың заңсыз шешімдері мен әрекеттері үшін дербес жауапкершілігін күшейту қажет деп санайды.
«Дербес жауапкершілік тетігі іске қосылған кезде ғана олар кәсіпкерлер шағымданатын осындай әкімшілік актілерді қабылдау немесе қабылдамау туралы ойлана бастайды», – деп атап өтті Қазақстанның Бизнес-омбудсмені.
Осыған байланысты кәсіпкерлерге залал келтіруге себеп болған заңсыз шешімдері үшін кінәлі лауазымды тұлғаларға регрестік жауапкершілікті міндетті түрде қолданудың заңнамалық тетіктері пысықталуда.
Құқықтық жүйелердегі айырмашылықтарға қарамастан, Қазақстан мен Литва заң шығару және құқық қолдану салаларында ұқсас мәселелерге тап болып отыр. Атап айтқанда, екі елде де депутаттардың заң шығару бастамаларына реттеушілік әсерді талдау рәсімін қолдану аясын кеңейту мәселесі өзекті болып қала береді.
Сонымен қатар, Литвада мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігіне қатысты жекелеген заңнамалық тетіктер қарастырылған. Оларды зерделеу Қазақстан үшін пайдалы болуы мүмкін. Өз кезегінде, Литва тарапы Қазақстандағы Бизнес-омбудсмен кеңсесінің жұмысын ұйымдастыру тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты.
Кездесу барысында Александр Радченко Қазақстан мен Литва арасындағы экономикалық байланыстардың табысты дамып келе жатқанын, оның ішінде соңғы жылдары өзара тауар айналымының артқанын да атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің Бизнес-омбудсмендері әртүрлі мемлекеттердегі бизнес-омбудсмендер арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, сараптамалық деңгейде өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға уағдаласты.